*БІР БАУЫР БАР...*
Бір бауыр бар,қарындағы талақтай,
Көрінгенмен шағылмайтын жаңғақтай.
Жабысып ап жүретұғын соңынан,
Әйелінің айтқанынан аса алмай.
Бір бауыр бар , бір-біріне қараспай,
Ырылдасып сөздері жүр жараспай.
Сүйек көрсе таласатын иттейін,
Түтіп жейтін бірін -бірі тулақтай.
Бір бауыр бар, үлкенге жасар үстемдік,
Сөзге еріп тісін қайрап тістеніп.
Абысындар сөзге келіп қалса егер,
Бауыр жүрер бауырына кектеніп.
Бір бауыр бар ,ойлайтыны өз басы,
Бұл өмірде қызық қуып тойлайды.
Мал мен мүлкін жария етіп мақтанып,
Менде бар деп өзін- өзі мақтайды.
Бір бауыр бар, бауыр десе елеңдеп,
Пейілі кең аппақ көңіл елгезек.
Тамағына қимайды ішер тәтті асын,
Сыбағасын бауырыма берем деп.
Бір бауыр бар ,түн ұйқысын төрт бөлген,
Қолда барын бауырымен тең бөлген,
Мен болмасам болмайын сен аман бол,
Деген оймен бауыры үшін жан берген.
Бір бауыр бар ,ерте тұрып сәріден,
Құлшылық қып жайнамаздың төрінен.
Шын көңілмен ниет етіп қол жайып,
Бауырлардың амандығын тілеген.
Уа ,ағайын айтқаныма таң қалмаң,
Ұлағатты сөз қалған ғой данадан.
Бала белде,қатын жолда деген бар,
Бауыр қымбат бірге туған құрсақтан.
Теңдей бөліп бермесеңде барыңды,
Араздасып төкпе ағайын арыңды.
Адам қонақ бес күн мына жалғанда,
Дүние үшін жоғалтпағын бауырды.